
Тас түрмеде талқаны таусылған тағдыр иелерінің бәрінің де көксегені елдің бірлігі мен тірлігі болатын. Бұл уақыттарда талай жыл бұғауда келген көңілдің бостандық аңсауы да заңдылық еді. Тағдырына тамыр жіберген зиялылық, көкірек көзінің ашықтығы және өмірді, қоғамды басқаша қабылдауы ұлт қамын ойлатпай қоймайды. Жасынан білімге құштар болған Әшір Бүркітбаев та Ташкентте оқып жүріп, трамвай депосында токарь болып істеген.
Он төрт жасында комсомол, он тоғыз жасында Коммунистік партия қатарына өткен ол қазақтың тұңғыш тау-кен инженері ретінде тарихта қалды. Қазақ ұлттық политехникалық институтын ұйымдастырушы әрі сол оқу орнының тұңғыш басшысы, «Лениншіл жас» газетінің редакторы ретінде де айтарлықтай еңбек етті. Алайда бүгінде Әшір Бүркітбаевтың аты Алаш арыстарының қатарында көп айтылмайды. Бұл тұрғыда қайраткердің өмір жолын зерттеп жүрген медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков есте қалар ғажайып естелікпен бөлісті.
Әшір Жанәліұлы 1928 жылы еліміздің сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында өткен республикалық комсомолдар конференциясына қатысып, оның хатшысы болып сайланады. Сол кезеңдерді суреттеген Айтжан Бутиннің естелігі Алаш қайраткерінің өмір жолынан хабар береді. «Әшір Бүркітбаевпен мен Қызылорда өлкелік конференциясы кезінде таныстым. Сол сапар ол комсомолға хатшы болып сайланды. Өзі Қарсақпайдан келген жұмысшы жігіт екен. Менімен түйдей құрдас болып шықты. Конференция біткен соң бұрынғы хатшы Садық Нұрпейісов шақырып алып: «Айтжан, сен Әшірді үйіңе алып баршы. Yйің төрт бөлмелі ғой. Пәтер алғанша сенімен болсын», – деді. Содан мен оны үйге ертіп келдім. Біраз уақыт бірге тұрдық. Мінезі жуас, көп үндемейтін, біртоға жігіт еді. Мен ол кезде атты әскер полкы комсомол ұйымының жетекшісі едім. Бірге жұмыс істеп жүрдік. Ол кезде көпшіліктің сауаты шамалы болатын. Білімге, оқуға деген құштарлық болу керек, жиналыстар мен лекциялардан қалмайтынбыз. Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Сұлтан Сегізбаевтың әңгімелерін қызыға тыңдайтынбыз. Тайыр Жароков, Ғабит Мүсірепов, Мансұр Гатаулин, Әшір барлығымыз бірге жүретінбіз.
Содан 1928 жылдың 9 мамырында мен Алматыға ауыстым. Әшір өзінің қалыңдығы Ғарифаны алғаш біздің Алматыдағы пәтерімізге алып келіп, үйленді. 1929 жылы мен Мәскеуге оқуға кетіп, пәтерімді Әшірге қалдырдым. Әшір өте қарапайым, ақ жүрек, кішіпейіл жан еді. Уақытты текке жіберуді білмейтін. Әрдайым кітап пен қағазға шұқшиып, бірнәрсені оқып, сызып, жазып отыратын. Ойлайтыны тек жұмыс болатын. Кейде ол маған қарап: «Айтжан, сен Мәскеуде оқып, біліміңді тереңдеттің, комиссар атанып, енді міне, беліңе қылыш тағып жүрсің. Ал бізде оқу да, қылыш та жоқ», деп күрсініп, мұңаятын. Оның жанарынан оқуды аңсайтыны көрініп тұрушы еді. Кейінірек ол Мәскеуде бір жылға жуық болып, Свердловскіден жоғарғы техникалық академияны бітіріп келді.
Ол кезде Әшір жұбайы Ғарифа мен қызы үшеуі кішірек екі бөлмелі үйде тұрды. Yйінде дүние-мүліктен сықырлаған ескілеу темір кереуеті ғана болатын. Мен «Әшір-ау, сен дүрдей институттың директорысың. Ал үйіңде бір кілемің де жоқ. Алмайсың ба?» деп едім, ол «Әй, Айтжан-ай, біз жұмыскерлер бюрократ бола алмаймыз. Тапқан айлығыма Ғарифа тамақ, киім алады. Басқа не керек? Оның үстіне, тағы да оқуға бармасам болар емес, білімімді көтеруім қажет», деп жауап қатты Әшір досым. Сол аяулы досымды мен отыз жетінші жылдың 1 маусымында соңғы рет көрдім. Оны қайтып көруді тағдыр маған жазбапты» деген естелік Әшір Бүркітбаевтың тағдырындағы көпшілікке беймәлім жайттарды суреттейді.
Отыз бір жыл ғана ғұмыр кешіп, бақиға аттанған Әшір Бүркітбаевтың жары Ғарифа апайдың да жазып қалдырған мына естелігі жан жабырқатады. «Мен сол зұлматқа толы 1937 жылдың жазғы бір күнінде Әшірге: «Ел ішінде «халық жауы» деген қорқынышты сойқан жүріп жатыр. Талай азаматтарды НКВД қызметкерлері ұстап, аяқ-қолына кісен салып, абақтыға жабуда. Олардың арасынан оққа ұшып жатқандары да баршылық. Менің бойымды кейде қорқыныш-үрей билейді. «Сені де бір күні олар өз қармағына іліктіреді-ау» деген үрей мазалап жүр. Сен не ойлайсың?» – деген едім. Сонда ол «Ғарифашым-ау, мені өз қолыңмен апарып берсең де олар алмайды. Кеңес өкіметі мен халыққа қарсы ешбір арам пиғылым, теріс іс-әрекетім, титтей де қастығым жоқ. Мені НКВД не қылсын? Мен үшін қорықпаңдар» – деп еді. Содан екі-үш айдан кейін-ақ зобалаңға ілігіп, ордер әкеліп, алды да кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Түк қызық көрмеді, марқұм. Оңды еді ғой. Оңды болған соң маңдайымызға сыймады. Адамгершілігі мол еді. Артында жақсы сөз қалғаны ғана көңілге жұбаныш. Yш бала бар еді, менің сорыма барлығы қайтыс болды. Ол кеткен соң қасіретті көп көрдік».
Иә, жаны да, ары таза азамат өз басына нәубет орнайды деп ойламайды. Алайда қанкөбелек айналған дүние мұндай ниетті есепке ала берсін ба?!. Талай адамның тағдырына тұзақ құрып, өміріне өкініш әкелген қызыл қырғын қасіреті ұмытылмайды. Тіпті арыстай азаматтарды жандайшаптардың қалай, қай жерде жер жастандырғаны жайлы да аңыз бен ақиқат аралас дерек көп. Ұзақ жылдардан бері Әшір Бүркітбаевтың тағдырын зерттеп жүрген Сағындық Ордабеков «Әшір Бүркітбаев Алматыдан 35 шақырым жердегі Жаңалық ауылының түбінде НКВД жаналғыштарының оғына ұшты. Сөйтіп, қатал заманның қатыгездігінен тағы бір болашағынан зор үміт күттірген Алаштың зиялы азаматының өмірі қиылды» дей келе, әттеген-айын да жеткізді. «Өкінішке қарай, біздің тарихшыларымыз алғашқы қазақ инженері, еліміздің тұңғыш техникалық институтының негізін қалаған аяулы азамат Әшір Бүркітбаев жайлы бұл күндері еш жерде сөз қозғамайды. Олардың басым көпшілігі бұрынғы сүрлеуден шықпай, көпшілікке онсыз да белгілі тұлғалар төңірегінде мәліметтерді қайталаумен келеді. Ал артында іздеушісі жоқ қаншама Алаш арыстарының есімі күні бүгінге дейін бүркемеленіп, белгісіз, ақтаңдақ жайда жатыр. Бұл – бәріміз ойланатын мәселе» дейді. Шынында да қасіретті кезеңнің құрбаны болғандардың қайсысының есімі есте сақтаулы? Дегенмен, ұлт тарихында айтарлықтай еңбек еткен ерлердің есімдері ешқашан ұмытылмаса игі.
Туған жердің топырағынан жаралып, туған ел үшін еңбектенген ерлердің есімі ұмытылмайды. Бүгінде Әшір Бүркітбаев ұйымдастырған Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің металлургия және полиграфия институтына қайраткердің аты берілген. Сондай-ақ білімді жастар үшін Әшір Жанәліұлы атындағы грант та бар. Жас талапкерлер мұнда келіп, қайраткер туралы мәліметті таба алады.
Сарысу ауданының Түркістан ауылдық округі мен Арыстанды ауылының арасында Қаратас шағын елді мекені бар. Аталған елді мекенде бұл күні он бір-ақ үй қалған. Аяулы азаматтың кіндік қаны тамған өлке Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданына шығатын тұста орналасқан. Сол Түркістан ауылдық округінің орталығы бүгінде Әшір Бүркітбаев есімімен аталады. Жалпы, Түркістан ауылдық округіне Арыстанды, Үштас және Әшір Бүркітбаев ауылдары қарайды. Таудың бөктерінде қоныстанып, үнемі ебіден ескендей қоңыр самалымен ерекшеленіп тұратын ауыл Жаңатас қаласынан он сегіз шақырым қашықтықта жатыр. Жергілікті халық негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ ауылда Мұхтар Әуезов атындағы 180 оқушыға арналған орта мектеп, 25 орындық балабақша, 8 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі және кітапхана жұмыс істейді. Жалпы, округ бойынша 1223 тұрғын бар екен. Енді бүгінде ауыл үшін өзекті мәселенің бірі – көгілдір отын мәселесі. Алайда келер 2018 жылы Сарысу ауданының бірқатар ауылдарына газ кіргенде, Әшір Бүркітбаев ауылы да көгілдір отынмен қамтылатын болады.
Әшір Бүркітбаевты есте қалдыру және оның еңбегін насихаттау жұмыстары әуелі өзі дүниеге келген топырақтан басталуы тиіс. Осы орайда, ауыл әкімі Дүйсенәлі Қыдырәліұлы қайраткер азаматтың кім болғанын ауыл халқы түгел білетінін және рухына тағзым ететінін айтты. Мәселен, ауылда Әшір Бүркітбаев атындағы көше бар. Орталық саябақ ішіне бюст қойылған. Сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте арнайы бұрыш жұмыс істейді. Ең ғажабы, әсіресе ауыл жастарының көпшілігі тау-кен саласына қызығушылық танытады екен. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті тағайындаған Әшір Бүркітбаев атындағы грантты сол ауылдың үш азаматы иеленіп, лайықты деңгейде білім алыпты. Ауыл әкімі өз сөзінде «Жыл сайын 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай халық қайраткер рухына тағзым етіп, бюстіне гүл қою рәсімі өтіп тұрады. Сондай-ақ туған күнін де ұмыт қалдырмаймыз. Ал мектебімізде оқушылар үшін Әшір Бүркітбаев айлығы, апталығы өтіп келеді», деп ерен ұлдың есімі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Расында да әр жердің өзіндік тарихы бар. Топырағынан жаратылған тұлғалары бар. Енді сондай азаматтарды есте қалдыру туған топыраққа артылған жауапкершілік. Орда бұзар отыз жастан аса бере-ақ опат болған оғланның есімі мәңгі жүрегімізде.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы